ЖАЗҒЫ ТҮНДЕ

 

Судай сұлу қара көз
Сүйгеніне берген сөз:
Белгілі жерден табылмақ
Қараңғы жаздың түнінде.
Жатқызып тегіс үй ішін,
Қысып сүйді сіңлісін.
Сырлас тете бауырдан
Айрылу жеңіл ме?
Алдыңда алтын бағың бар,
Жолдасың – шын сүйген жар.
Баққа аяқты батыл бас,
Күрсінбе, сұлу, егілме!
Буыныңнан хал кетіп тұр,
Тыста жарың күтіп тұр,
Ақ көйлегің көлбеңдеп,
Шық тезірек, бөгелме.
Шыққанда қорқып-сасқаның,
Дірілдеп түсің қашқанын
Асығып күткен жарыңа
Білдірме, сұлу, күлімде!
Мініп жігіт жүйрігін,
Тұмарлап кекіл-құйрығын,
Іңірден келіп күтіп тұр,
Серттен таяр ерің бе!
Жігітте арман қалды ма,
Алды жарын алдына.
«Шүу» деп шауып жөнелді,
Бір қолы сұлу белінде.
Ақ көйлектің етегі
Көтеріліп кетеді.
Орынсыз жерде ойнайтын
Тым жеңіл ғой желің де.
Жігіт жарын құшады,
Қолдан тізгін босады.
Сенді саған екеуі,
Енді, жүйрік, сүрінбе!
Жетсін жастар ауылға,
Ұрынбасын жауынға.
Алдарында бір-ақ бел,
Таң! Тұра тұр, білінбе!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *