Толқындап ойнап, құтырып,
Көбігін шашып өкіріп,
Шапшып көкке лепіріп,
Қара көк өмір дариясы
Сақылдап күліп: «Кел!» – деді,
Келіп ем, кешу бермеді.
«Не керек,– деп тергеді,–
Сарыарқаның сарбазы?»
Жас балапан жүрегім,
Десе де табам керегін,
Көріп теңіз тереңін,
Қайғыға батты тұнжырап.
Алтын үміт үзілді,
Тәтті қиял бұзылды,
Көкке тіктім көзімді,
Жұлдыздардан жол сұрап.
Көгің де – бір қара көк
Тұңғиық теңіз түбі жоқ,
Ойнап тұрған көзі көп,
Не деп жауап береді?
Көк – бір дария қара көк,
Жұлдыздан әлі жауап жоқ,
Іште жалын, жүрек – шоқ,
Дариға, жаным өледі.
Мағжан Жұмабаев