ӨМІР

 

Адамға берген Тәңірі өзі аз өмір,
Бұйрығы: «Жаса дағы, жерге көміл!»
Бірде мұз, бірде жалын, бірде дауыл,
Құбылған өмір – сынап, бейне көңіл.
Жайнаған жаз көреді адам алдын,
Өткен күн – көңілсіз күз желді, салқын.
Қуаныш қайғыменен қатар жүрмек,
Болмайды толық минут жүзі жарқын.
Іңгәлап, аузын ашып, жылап түсер,
Төменге биік таудан құлап түсер.
Денесін дал-дұл қылар қия тастар,
Шұқырға сол жылаумен сұлап түсер.
Дуа етер – сорлы адамды әуре етер,
Көз ашып-жұмғаныңша жоқ боп кетер.
Қылғанша әуре-сарсаң сорлы құлды,
Тәңірі ием, жаратпасаң, онда нетер?!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *