КӨК ТЕКЕ

 

Айыр сақал көк теке
Деді де бір «Меке-ке!» –
Шықты секіріп қораға.
Жүрді басып алшаңдап,
Қарнын керіп талтаңдап,
Қаза айдаса, бола ма?
Керді теке көкірек,
Көрінді оған жақын көк,
Сүзейін деп ойлады.
«Меке-ке!» – деп кекірді,
Тұқырып басын, секірді,
Қора ішіне құлады.
Қорада айғыр тұр еді,
Мінілмеген құр еді,
Жаңа ұсталған үйірден.
Текені көріп дүрс еткен,
Бірдеңесі бырс еткен,
Тепті келіп бүйірден.
Қайтсін жануар, күйген соң,
Тастай тұяқ тиген соң,
Көк теке мал бола ма?
Айыр сақал көк теке,
Деді де бір «Меке-ке!» –
Қалды сұлап қорада.

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *