МЕН КІМ?

 

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?
Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
Шеті, түбі жоқ теңізбін қара көк,
Ерігемін – толқып, шалқып, тасамын.
Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын.
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?
Мейірленсем – сегіз жұмақ қолымда,
Қаһарлансам – тамұқ даяр құлыма.
Жоқ жақыным, Жасағандай жалғызбын!
Мен бе иілер әлсіз адам ұлына?!
Өзім – Тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім – құран, бағынамын сөзіме!
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *