Александр Блок –
Мәңгі жас жүрек
Үмітін бір үзбеген.
Батып алтын ойға,
Талмай қарап Айға,
«Әдемі әйел» іздеген.
Көрінер деп күнде,
Табылар деп түнде,
Шарқ ұрудан талмаған.
Александр Блок –
Мәңгі жас жүрек,
Қай жерге ол бармаған!
«Әдемі әйел»–идеал,
«Әдемі әйел»– бір қиял
Блоктың басын байлаған.
«Әдемі әйел»– бір гүл,
Блок – бір бұлбұл,
Блок – бұлбұл сайраған.
Сайраған Блок,
Ойнаған жүрек –
Кейде үміт, кейде зар.
Өтеді өмір,
Бітеді жыр,
«Әйелден» бірақ жоқ ошар.
Күндерде бір күн,
Түндерде бір түн
Улы балды бітті жыр.
Төсекте Блок
Көз ашып көред –
Алдында бір кемпір тұр.
«Әдемі әйел» – идеал,
«Әдемі әйел» – бір қиял,
Идеал, қиял – бір сағым.
Жанады жүрек,
Жылады Блок,
Көріп сөнген шырағын.
«Әйел» – идеал,
Кемпір – ажал
Тұр Блокқа үңіліп.
Сөнді енді өмір,
Бітті енді жыр,
«Әйел» қалды жыр болып.
Мағжан Жұмабаев