ПАЙҒАМБАР

 

Устремляя наши очи
На бледнеющий Восток,
Дети скорби, дети ночи,
Ждем, не придет ли наш Пророк.
Д. С. Мережковский.

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған.
Түн баласы Тәңірісін өлтіріп,
Табынатын басқа Тәңірі таппаған.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес – иман деген не нәрсе,
«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған.
Түн баласы… Түн жолына түскен ол,
Сақаусың деп Мұса тілін кескен ол,
Тәңірінің сүйікті ұлы Айсаның
Тітіркенбей ұрттап қанын ішкен ол…
Түн баласы түнерген түн жамылған,
Аллаға емес, әзәзілге табынған.
Інжілді өртеп, табанға сап Құранды,
Әділдікті күткен ессіз қарыннан.
Түн баласы өмірінде араз таңменен,
Қабыл ұлы ауызданған қанменен.
Табынатын құр денеге жануар,
Болған емес жұмысы оның жанменен.
Төгілмей ме кемерінен асқан су,
Өлтірмей ме жайылған соң күшті у.
Түн баласы түнеріп тұр өлгелі,
Көзіңді сал – күнбатыста қанды шу.
Көзге түртсе көрінбейтін қара түн,
Күңірене ме, күле ме әлде әлдекім?
Жылайды да, шулайды да ұлиды,
Бұл кім? Бұл ма – түн баласы түссіз жын.
Қап-қара түн. Түн баласы күңіренед,
Күңіренумен бір-біріне үн беред.
Сөгінеді, сүрінеді, жығылад,
Қара түнде көр көзімен не көред?!
Қап-қара түн. Толқындары қара қан,
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң.
Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр,
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр.
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді…
Ерте күнде жаң бар еді түн туған,
Қап-қараңғы түн ішінде Күн туған.
Отты Күннің сәулесінен от алып,
Отты көзді, отты жанды Гун туған.
Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар.
Соқыр сорлы, көрмей ме әлде көзің көр?
Күншығыстан таң келеді, енді көр.
Таң келеді, мен келемін – пайғамбар,
Күт мені сен, «лахаулаңды» оқи бер.
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренед: мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры,
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы.

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *