АЙДА АТЫҢДЫ, СӘРСЕМБАЙ


Айда атыңды, Сәрсембай,
Ағарып алтын таң атпай
Шығайық қырға, далаға.
Шу-шу-шу…
Әттең ғана бұл оқу!
Келмес едім қалаға.
Қарашы кейін бұрылып:
Таудай болып созылып
Қала – бір жатқан дәу пері.
Айналасы – тұман, түн,
Дем алысы – от, түтін,
Жарқ-жұрқ етер көздері.
Сөзі у-шу, ың да жың,
Сасық иіс ауыр тым,
Тұншықтым ғой, Құдай-ай!
Кейін қарап нетеміз,
Ауылға қашан жетеміз,
Айдашы атты, Сәрсембай!
Әйелдері ұятсыз,
Күнде сүйгіш, тұрақсыз,
Қылмыңдасар, керілер.
Жүздерінің қаны жоқ,
Көздерінің жаны жоқ,
Еркектері – «перілер».
Оларда отты жүрек жоқ,
Тамақтан басқа тілек жоқ,
Қорсылдаған «доңыздар».
Түн баласы перілер,
Жұмақтан артық көрінер –
Оларға сасық үңгір тар.
Көкті көрмес көр олар,
Қарашы, қанша жұлдыз бар,
Күліп қана жүзеді Ай.
Қалаға келіп қаңғырдым,
Сар даламды сағындым,
Айда атыңды, Сәрсембай!
Әлде ұйқың келе ме?
Сәрсембай-ау, сен неге
Шырқап бір ән салмайсың?
Жетесің туған жеріңе,
Еркелеткен еліңе,
Жүрегім, неге жанбайсың?!
Сарыарқамның топырағы –
Менің жаным шырағы,
Кеудемді төсеп жатамын.
Оның жібек желінің,
Тәтті, кәусар көлінің
Қазір дәмін татамын.
Қайрылып кейін қараман.
Шықтық па ұзап қаладан,
Айтшы, жаным ағатай?
Кейін қарап нетеміз,
Ауылға қашан жетеміз,
Айдашы атты, Сәрсембай!

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *