Күні кеше толған ай жүзің еді,
Сиқырлы қара нәркес көзің еді.
Мап-майда мамық қардай мінсіз денең
Бейне бір бақшадағы үзім еді.
Жел тимей, кірсіз тұрған кезің еді,
Жандыға жақсы дәру сөзің еді.
Басып кеткен пайғамбар іздеріндей,
Қадірлі аяқ басқан ізің еді.
Ал бүгін ол көріктің бәрі де жоқ,
Ақ марал, аяғыңа дәл тиген оқ.
Өкіндің, жастық, мастық ісің өтті,
Аһ ұрдың, сыртың – жалын, ішіңде – шоқ.
Тіліне қу түлкінің тез алдандың,
Ойламай таңдағыны, тез құп алдың.
Тап-таза ат, көркем көрік – бәрі кетіп,
Өміріңше құтыла алмас отта қалдың.
Таралды жұрт аузына жаман атың,
«Бұзылған!» дейді енді жақын, жатың,
Ызыңдап ол да, бұл да сол сөзді айтар,
Жас төкпей нағып сонда шыдар дәтің.
Мағжан Жұмабаев