Қайғыландың, зарландың,
Ісіңді тастап, мұңайып.
Ойнамайсың, ойлайсың,
Күлкіңе салды кім айып?
Жалғыз қалсаң бір үйде,
Өзіңді-өзің жылаттың,
Мөлдіреген көзіңді
Қайғылы жаспен шылаттың.
Көп ойладың тыншымай,
Түнде де кірпік бір қақпай.
Талмай көзің жұмбайсың,
Ағарып сүттей таң атпай.
Жаңа піскен алмадай
Толып бір тұрған шағыңда,
Жастық қызығын көрместей,
Неге сынды сағың да?
Қайғыға салды кім сені
Тыныштық жүзін көрместей?
Өмір бойы бітпестей,
Зарың мәңгі сөнбестей.
Ерніңді қозғап қайғымен,
Қай жауызды қарғайсың?
Сені бүйткен бейбақтың
Санадан жүзі сарғайсын
Мағжан Жұмабаев