ЖАЗҒЫ ТАҢ

Жып-жылы түн маужырап,
Көтерілген жерден бу.
Саф күмістей жалтырап
Тыныш жатқан тұнық су.
Көкке тиген биік тау
Құшақтасқан тұманмен,
Қосылысып есен-сау,
Бал алысқан құмармен.
Ақырын ескен жылы жел
Маужыратып, тербетіп,
Таң атсын деп жайнап гүл –
Өсіп балам ер жетіп.
Шырылдап торғай аспанда,
Бытпылдығы ән қосып,
Шала-жансар жатқанда
Табиғатқа жан қосып,
Таң алдында жалбарып,
Тәңіріге құлдық қылғаны,
Ісіне оның таңданып,
Көңілі хаққа сынғаны.
Міне, алтын таң атты
Күншығыстан ағарып.
Көтеріп зұлмат қанатты,
Жер де кетті жаңарып.
Таң, Күн деген – жер жаны,
Бұл екеуінсіз жоқ сәні.
Оқу-білім – ер жаны,
Жараспас ерге құр жаны.

Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *