ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ СОҒЫСАДЫ


«Алаш Орданың» тұңғыш жасаған 1-Алаш полкі Жетісу майданында көпшілдерге қарсы соғыста жүргені алашқа мәлім.
…Жігіттердің азырақ қимылдарын жазамын: Көпшілдер Саратовкаға шабуылдап тұрғанда, 29 октябрьде біздің жүздіктегі Балтай Бейсебекұлы деген жігіт жортуылда жүріп Аязбай бақшасының қасында (Саратовкадан 7 шақырым) тастап кеткен бос қыстауды көре кеткелі барады.
Бұғып бекіністе отырған жауға душар болады. Екі көпшіл шыға келіп бас салып, жігіт есін жиғанша шылбырынан ұстай алады. Бұдан құтылу ойлағанда мүмкін емес. Сөйтсек… Епсіз, икемі жоқ қазақтың сасып есі шықпай, көзді ашып-жұмғанша атының басынан жүгенін сыпырып тастап, көпшілдердің бірін мылтығының дүміменен серейте бір түйіп, шу деп тебініп, атты бір салып жөнелді. Жүгенсіз басы босаған ат тұра шауып, зымырап кете барды. Есі шыққан көпшілдер мылтықтарын алып атқанша жігіт құтылып кете барды. Шауып келіп жортуылда жүргендерге білдіреді.
Мынадай бір гәп тағы болды. Андреевка қаласына біздің жүздік шабуыл жасаған кезде, Ахметқали Орманбайұлы дегенге жиырма жігіт беріп, қаланың солтүстік жағына шығып, көрініс қылу тапсырылған еді. Өзгеміз қаланың оңтүстік жағынан тимекші едік. Орманбайұлы құйынша ағызып барып, қалаға кіріп, көпшілдердің әңкі-тәңкісін шығарып, жаман састырып, жолымызды қылды.
Тағы да жігіттердің бір қимылы: 29 октябрьде бір топ қазақ әскері оқтарының бәрін атып тауысып, Саратовкадан салығымызға қарай шегінгенде Қағазбек Дәшкібаласы дегенді 12 жігітпен артымызға тастадық. Жауды алдандырып, Тұтсалыққа өткізбе деп. Қағазбек 150 көпшілді бір жарым сағат бөгеп, бізге жібермеді. Қағазбектің бұл қайратының арқасында шығынсыз шегініп, аман құтылдық. Осы сияқты өжеттіктер толып жатыр…»
Оқып болып, жерге түкірдім. Ол нөмірін қоя салып, «Сарыарқаның» 1919 жылы ақпанның 20-сында шыққан 70-нөмірін алдым. Бұл нөмірде Ақмола уезінде мұжықтардың көрген жәбіршілігін айтып, елден жазған Байсалбайұлының сөздеріне «Сарыарқа» басқармасының қайырған жауабын оқыдым. «Сарыарқа» басқармасы «Ақмола қазақтары «Алашорда» әскерін, «Алашорда» милициясын жасамай жатыр. Сондықтан орыстардан зорлық көріп жатыр…» — деп жазады. Басқарма сөзі мынау:
Басқарма: «Жол, жоба ұмытылып, Россия мемлекеті айуандық сапарға бет алды. Бас аман, мал түгел қалмаққа жалғыз әдіс — қазақ халқы, бірік. Берекеңді жойма. Алалықты таста. Жұмыла жұрт жұмысына кіріс. Азаматыңды атқа мінгізіп, қаруланып, өзіңді-өзің қорға. Кісіге сенбе, құба қалмақ заманы туды деп қақсағалы жылдан аса болды. Жалғыз Семей облысы мен Орал облысы, Торғай облысының Қостанай уезі болмаса, өзге облыстардың, әсіресе Ақмоланың қазақтары, тымағын баса киіп, бүркеніп, милиция жасаудан зыр қашты. Қамсыз елді, жігерсіз, ынжық, қайрат қыла білмейтін елді кім басынбайды? Обалымыз өзімізге, сілкінбеген, адам болуға тырыспаған. Бүйтіп жүре берсек, арманда, шерменде болып, дүние жүзінен жоғаламыз да. Қайырусыз кеткен хайуан мұжықтардан кек алуға жолмен жүріп іс қылатын заман әлі келген жоқ. Ақыл сұрап, босқа үміттеніп, тамақ ісіріп дәме қыларлық дәнеме жоқ. Жергілікті әкімдерге білдіріп көріңіздер, бірақ одан желбуаз болып, өздеріңізді-өздеріңіз алдаудан басқа өнері бар деп айта алмаймыз. Өйткені: «малымды ұрлады, жеріме түсті» жаласы даяр тұр. Сіздің «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетеміз бе, қайтеміз дейтініңізді біліп, басқа келмей тұрғанда-ақ айтқамыз. Әлі де кештік қылмайды. Азаматты атқа мінгізу жағын халыққа түсіндірулеріңіз керек. Бүгін бір ауылға келген пәле жалпы елге келмесіне кімнің көзі жетеді? Келмей де отыр ма? Жетісудағы бауырларымыз қырылып жатқан жоқ па?»
«А-ай, мырзалар-ай! Семей, Орал, Қостанай, Торғай облыстарын бүлдіріп, «Алашорда» әскерін жасағандарыңмен тұрмай, тұзақтарға түспей жатқан Ақмола облысының қара бұқарасын да қанға боямақсыңдар-ау!»—деп, газеттің екінші бетін аудардым.
«Сарыарқаның» нөмірлерін ақтарып, жобалы мақалаларын, түрлі хабарларын, түрліше мағлұматтарын оқыдым.
«Сарыарқа» газеті «Алашорданың» бас үкіметінің тілі. Алашорда газетіне, әрине, шындықты жазбайды, болып жатқан шын оқиғаларды өзгертіп, өзінше әдемілеп, өзіне тиісті пайдалы сөзді қампайтып жазады. Бірақ қанша қампайтқанмен газеттеріне қарағанда да «Алашорданың» халі өте жайсыз екендігі көрінеді. «Алашорда» «министрлерінің» большевиктерге қарсы жіберген әскерсымақтарынан басқа, істеп жатқан бес тиындық көрнекті істер көрінбейді.
Жалғыз-ақ, аз болсын, көп болсын, қолынан келгенше қайрат (қазіргіше белсенділік) көрсетіп жатқан «Алашорданың» жастары екені газеттерінен көрінді, жастар ұйымы барлық Қазақстанның ұлтшыл жастарына нұсқа беріп, Қызылжарда «Жас азамат» деген газет шығарып жатыр. Семейдегі «Абай» атты сол кездегі барлық Қазақстандағы жалғыз журнал «Алашорда» жастарының қолынан шығып жатыр. Бұл газет пен журналдың атласы азайып, көмек сұрап салған жарына «Алаш» жастары тұс-тұсынан көмек жинап жатыр. «Сарыарқа» газетінің 1919 жыл 20-сыншы ақпанда шыққан жаңағы 70-інші нөмірінде «Газет, журнал оқушыларға» деп, «Абай» журналының шығарушысы Аймауытұлы мынаны жазады:
Газеттен:
«ГАЗЕТ, ЖУРНАЛ ОҚУШЫЛАРҒА
«Қазақтың бір газет, бір журналы подписшігі (оқушылары) жоқтықтан жабылып қалды» — деп, Ново-Николаевскідегі шығатын орыс газетінде жазылыпты. Ол айтқаны «Жас азамат» газеті мен «Абай» журналы. Бұл хабары бекер: «Жас азамат» күні бүгінге шейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма деген кірбең болып еді. Енді тоқтамас дейміз. Өйткені Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтермелеушілер табылатын көрінеді. «Абайды» тоғыз жүздей алушы бар. «Абай» біржола жабылған жоқ. Есебі біткенше, жалпы жиылысы болғанша, тағы сол сияқты себептермен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қауымы. «Абайды» тоқтатпас, шығарар. Шығармаған күнде де «Абай» жабылмас. Жалғыз журналын жауып қойып, тыныш отыруға оқыған жастардың, талапты азаматтардың намысы, ұжданы жібермес, қайтсе де шығарар деген үмітіміз күшті.
«Абай». Шығарушы — Жүсіпбек Аймауытұлы».

Сәкен Сейфуллин 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *