«ҮШ ЖҮЗДІҢ» ҚУЛАРЫ


…Омбыда лай судан балық аулайтын Мұқан деген жігіт бар. Бұл жігіт бостандық болғаннан бері жүгенсіз кетіп, ойына келгенін істеп, халыққа зиянын күшейтіп бара жатқан соң, Ақмола облысының қазақ комитеті құр-құрлап тоқтау салады. Ауыздықтап еркіне жібермеді. Сонан кейін бастығы Мұқан, жолдастары «Алашқа» аты шыққан Көлбай, Шаймерден деген бір жынды кеңесіп, областной комитеттің мүшелерін тұтқын қылмақ болып, елу-алпыс кісі ертіп комитетке барып мүшелерін қамап алады.
Комитет председателі Айдарханның үйіне барып, өзі үйінде жоқ екен, қызметкерлерін ұрып, жанжал шығарады. Сөйтіп жатқанда Айдарханның үйінен телефонмен хабар тиіп, милиция және казак-орыс келіп «ұстаудағы» комитет мүшелерін босатады да, батырлардың өздерін жауып тастайды. Дознание болып, істері бұл күнде тергеуде. Бұл күнде батырлар кепілмен бе, залогпен бе, шыққан секілді.
Енді жоғарғы әңгіме жұртқа жария болып кетті, біреуді абақтыға жабамын деп жүріп, өздері жабылып қалды; қарап жүріп, ақмақтықтарынан сотты болды. Областной комитетпен енді ұстаспасын ба?
Земство сайлауы болғалы отыр. Мұқандардың гласный член болғысы қатты келеді… Не қыларын білмей, ауыздығын шайнап тұрған кезде, қала округінің (Ақмола және Семей облыстарының) учредительное собрание сайлауы және онымен бірге списке беретін срогі да кешігеді. «Атын шығару үшін жер өртеуге даяр» қулар қуанады.
— Тұра тұр, бәлем, құдай берді, бір сойқанды салайық, — сендер «Алаш» партиясын ашсаңдар, біз «Үш жүз» партиясын ашамыз. Сендер списке кіргізсеңдер, біз де списке кіргіземіз, — деп, табаны күректей тоғыз кісіні тоғытып комиссияға беріп кеп қалады.
Керек болса міне! Міне, списке! Списке кіргізу деген қиын жұмыс емес. Қол қоятын жүз кісі тапқан кісі списке кіргізе береді. Бірақ гәп спискенің санында емес, маңызында және халықтың пәтуасында. Ақмола, Семей екі облыста он уезд ел бар. Бостандық болғалы неше съезд болды. Мұның бәрінде де жұртқа қалаулы, таза қызмет ететін адамдар аталды. 21—26 июльде болған жалпы қазақ съезінде де жұрттың бәйгеге қосып жүрген азаматтары лайықтанды. Сол неше рет халықтың кеңесі лайықтаған адамдарына, екі облыс ел түгел тоқтап, талас шығармай, бір списке кіргізді. Ол спискедегі адамдардың кім екені «Қазақ» газетіне жазылып келеді.
Енді бүгін аяқ астынан «сен солай ет!» деген жұрт жоқ. Жұрттан шыққан төрт-бес қу қосылып, өздерінің ақмақтықтарынан көрмей, Ақмоланың областной комитетінен кек алмақ болып, партия ашады, списке кіргізеді.
Міне, екі списке, жоғарыдан төмен қарай, жарыстыра екеуінің адамдарын салыстыр:
«Алаш» атынан
1. Әлихан. 6. Әлімхан.
2. Айдархан. 7. Қалел.
3. Асылбек. 8. Жақып.
4. Мұқыш. 9. Сейілбек.
5. Ережеп.
«Үш жүз» атынан
1. Қасен қожа. 6. Сұлтанмахмұт.
2. Көлбай. 7. Байсейіт.
3. Шаймерден. 8. Қази.
4. Мұқан. 9. Әлиасқар.
5. Үсен.
Міне, халық таразысының екі табағына екі спискені сап, кандидаттарын жеке-жеке өлше, адамшылығын, ақылын, намысын, қайсысын қалайды, соған тасыңды сал! Көре-біле тұрып адассаң алдыңда талай асу бар. Арманда кеттім деп жүрме!
Мадияр».

«Тар жол, тайғақ кешу» романынан үзінді.,

Сәкен Сейфуллин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *