Ау, Алаш, көзді бүгін ашар күнің,
Қарманып, ілгері аяқ басар күнің!
Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден бас,
Адымдап асқар белден асар күнің.
Теңізім, телегейім, қайран елім.
Кемерлеп толқын атып тасар күнің!
Ақ күміс, қызыл алтын жиғаныңды,
Құрбан қып осы жолға шашар күнің.
Терезең теңгеріліп қатар тұрса,
Уһ! – деп сонда жүрек басар күнің!
Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?
Құлаққа айтқан сөзді ілеміз бе?
Заманның ыңғайынан аман өтіп,
Зырлаған желмаяға мінеміз бе?
Өнерлі білімдінің қылған ісін
Майданда, мұны байқап көреміз бе?
Күш қосып құралдардың, бас қорғаудың
Жолына белді буып кіреміз бе?
Болмаса күнде бір ел қырғын тауып,
Жылулап, бастан аяқ жүреміз бе?
Ғұмар Қараш