«Сарыарқа» газетінің 1918 жыл, 22 қаңтардағы 28- нөмірінде Әлімхан Ермекұлы жазған басмақаласында былай дейді:
«Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің Алашты
Қорлығына бермейміз!!
Өлер жерден кеттік біз.
Бұл заманға жеттік біз
Жасайды Алаш өлмейміз:
Жасасын Алаш жасасын!
Жасасын Алаш жасасын!
Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді, үлкен ауылдарға қоңсы қонып шашылып жүрген қазақ-қырғыз жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды, автономия бізге өмірлік мақсұт еді.
Алыстағы жұлдыз еді, іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүние жүзін жаңғыртып Алаш ұранын шақырып отыр, Алаш! Алаш!
Көтер басты, уақыт жетті, сүртелік көзден аққан қанды жасты, Алаш автономиясына құран оқылып, ат қойылған жалпы қазақ съезінде, ел ішінен келген қария ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді.
Өзгелер ұмтылып жергілікті ұлттық автономия алып жатқанда 6 миллион қазақ халқы, тұтас жері бар қазақ жұрты қарап отырып қалса, жұрттығын жоғалтып өзін-өзі тірідей көмгені. Иншалла! Сенеміз, Алаш туының астына жиылмайтын қырғыз-қазақ баласы болмас, тірілген Алаш Ордасын құлатпас деп, Жасасын Алаш автономиясы!
(Әлімқан)»
Газеттен:
Және «Сарыарқа» газетінің сол нөмірінде Ғаббас жазған «Алаш автономиясы» деген мақаласында былай дейді:
«Алаш автономиясы: Орынбор қаласында өткен декабрьдің 5-нен 14-не дейін созылған екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі бір айдан соң, жерлік ұлттық автономиясын жұртқа жария қылуға қаулы қылысып, қазақ-қырғыз үкім жүргізуге ортасынан 15 кісілік уақытша өкімет «Алаш Орда» сайлап тарқасты. Не себепті бір ай уақыт кескендігін газетіміздің өткен нөмірінде жазғанбыз.
Ел басынан милиция қызметіне алынатын жігіттердің ат-тонын, сайманын тездікпен дайындап, айтқан жеріне жеткізу керек. Қазақ-қырғыздың уақытша үкіметі «Алаш Орда» Алаш қаласына келіп, Алаш автономиясын жариялағаннан кейін, қазақ-қырғыз балалары бағынатын өкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа өкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек.
Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, неше-неше қиын-қыстау жерлерден бұл күнге дейін аман өтіп, тарих жүзінде жоғалмайтын беріктігін көрсеткен Алаш ұранды қазақ-қырғыз балалары жұртқа түскен, мына, өмір сынынан да аман-есен аяғын шалдырмай өтер деп сенеміз…
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз!!
Өлер жерден кеттік біз. Бұл заманға жеттік біз. Жасайды Алаш өлмейміз, Жасасын Алаш жасасын!»
(Ғаббас)
Сәкен Сейфуллин