«АЛАШ» ХАННЫҢ ҮЙІНДЕ


Колчактың, алашорданың заманы еді. «Алашорда» үкіметі екі бөлек жерде. Күншығыстағысы Семейде. Күнбатыстағысы Орал облысында, Жымпиты қаласында. Семейдегі «алашорданың» бастығы — Әлихан Бөкейхан, Жымпитыдағы орданың бастығы — Досмұқамбетов Жанша. Мүшелері: Қалел, бағанағы Салық болыстар.
Бір күні кешке, «Күнбатыс алашорда» үкіметінің бастықтары жай кеңесіп отыр еді. Кеңес «Орданың» кеңсесінде емес, Қалелдін пәтерінде еді. Ордаға Қуанай қазірет келген. Сол Қуанай қазіретті «алашорда» үкіметі құрметтеп, Қалелдің пәтерінде қонақ қылып сыйлап отырды. Үкіметтің сөзі қазіреттің алдында сыпайы, әдепті:
— «Тақсыр», «қазірет», «құп!» — деседі.
Ызбарланып қазірет отыр. Бетіне қарағанда: «Қытай жұртының құдайы ма бұл?»—деп ойлайсың. Қуанай қазіретті білмейтін Орал облысында бала жоқ. Қуанай қазіретті Үпідегі, Қазандағы ноғай-башқұрттың мүфтилері де біледі. Мүфти де Қуанайды сыйлайды. Қуанай «әулие»… Міне, қазірет жайылып Қалел Досмұқамбетұлының үйінде отыр. Қазірет босқа сөз сөйлемейді. Қазіреттің әрбір сөйлеген сөзі ем. Қазірет ызбарланып, айнала қарап қояды. Үкімет мүшелері, молдадан қорыққан балаларға ұқсап, сызылып отыр. Қазіретке қарап аңшының иттеріндей қайпақтайды. Үкімет бастығы Жанша отыр. Киімдері әдемі, орысша, әскери, жапонның жандаралы тәрізді.
Жанша қараған кісінің көзіне толарлық. Парсы жұртының, Қызылбастың әскер бастығы Рзахан тәрізді. Жаншаға қараған көз тоярлық, Жанша—алашорданың бастығы. Жанша — «қазақтың ханы»… Бірақ Жанша жалаңбас, шашы өсіңкіреген. Жаншаның басында көк сауытты дулыға жоқ. Не маңдайына асыл тастар орнатқан, тастары құлпырып неше түрлі от шашқан қарқаралы тәжі жоқ. Тым болмаса қарқаралы бөркі жоқ. Жанша жалаңбас — кемшілік сол.
Бір мезгілде ол кемшілікті өзі сезгендей Жанша бір қолымен шашын сипады. Сүзіліп қарап отырған қазіреттің ызғарлы бетінің бір тамыры жыбыр етті. Сол жақ көзінің алды қалт етті. Томағасын жұлып алған бүркіттей қазірет басын көтеріп алды. Жаншаға көздерін аш бүркіттей қадады. Қазіреттің бет қимылын аңдып отырған үйдегілер селк етті. Бәрі де Жанша мен қазіретке қарап тына қалды.
Қазірет:
— Тәйт!.. Бөркіңді неге кимейсің?!.. Қарашы, шашын жалбыратып отырғанын!.. Сендерді біз «қалипаның» орнында дейміз!.. Әр намаздың соңынан бата қыламыз!.. Сендер бүйтесіңдер… Киіп отыр бөркіңді! — деді.
Отырғандар састы. Ептеп, қалбалақтап шайып-жуды.
Қазірет кейіп: «Намазға да салақ деп есітемін», — деді.
«Тақсырлап» отырып, қазіретті жадыратты. Сонсоң Қалел:
— Тақсыр, қызметтен уақытымыз аз болады. Істен қолымыз босамайды. Біз жұма күні ғана мешітке барайық, бізге намазды жай күндерде үйде оқуға рұқсат қылыңыз! — деді. Ақырында, қазірет алашорда үкіметіне жұма күнінен басқа күнде намазды үйде оқуға рұқсат қылды. — Бірақ жұма намазынан қалмаңдар! — деді.
— Құп, тақсыр! — деді.
Міне, сурет!.. Бұл жалғыз Орал облысында болған жоқ, бұл барлық Қазақстанда болған жалпы сурет.
Жуан болыстар мен «кәдірлі» молдаларды «Алашорда» өзіне күш қылды. Жиылыстарына бұларды әдейі арнап шақырды. Бұлардан ылғи «бата» алып отырды.
Енді өзіміздің әңгімеге келейік — Ақмола комитетіне келейік.

Сәкен Сейфуллин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *