Бұл «Тар жол, тайғақ кешу» әңгімесінің бас жағы бұрын «Қызыл Қазақстан» журналына бөлшектеніп басылған еді. Сол басылғандарды жиып, жөндеп, тағы қосып жазып кітап қылдым. Бірақ уақыттың тарлығынан асығыс жазылды. Сөзді шеберлеп, түзетіп тізіп отыруға уақыт жоқ… Мақсұт: 1916-17-18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде қалдыру.
Мұнда талай кісілердің аттары аталды. Тарихи қозғалыстың көрген, білген оқиғаларын жазған соң, әрине, кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде, әр түрлі пікір, әр түрлі әрекет болған. Ол — тіршіліктің, тарихтың ісі.
Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевик партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда, күрескен дұшпанының бірі «Алаш» еді.
Бұл кітапта «Алаш» туралы көп әңгімелер айтылды. «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда әлгі айтқандай сол Алашордада болғандарды айыптамақ ниетімен айтылып отырған жоқ. Тек тарихи мағлұмат ретінде ғана баспа жүзіне шықсын деген оймен айтылды.
«Алаш» деген,«Алашорда» деген болды. Оның Октябрь төңкерісіне қарсылық еткенін жұрт өзі де қазір тегіс көріп отыр. Ұлы өзгеріс, революция уақытында «Алашордада» болған адамдардың талайы адасқанын мойнына алып, Совет үкіметіне мойынсұнды. Талайы большевик партиясына кіріп те отыр. «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң».
Бұл кітапқа «Қызыл Қазақстанда» жазылған мақалаларымның «Тар жол, тайғақ кешу» деген атын қойдым. «Ұлы өзгеріс», «Ұлы өткел», «Ұлы асу» деген аттар ойыма келіп еді. Көзбен көргендерім кітапта көбірек айтылған соң, «Тар жол, тайғақ кешу» деген атты лайықтырақ таптым. Бұл атты, жалпы, суретті мағынада алдым. Газеттерден мағлұматтар көп кірді. Бірақ «Бірлік туы», «Жас азаматтар», «Үш жүз», «Тіршілік» газеттерінің керекті номерлері қолыма түспеді. Өйткені мен бұл кітаптың көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білдім.
Сәкен Сейфуллин