Мен жасымнан көп көрдім (6)
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін1 оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді2.
Намазшамның3 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық4 берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы —
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкәусар»5,
Пашол дереу, күнәкар
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар».
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.
1 — Қираәт (арабша) — оқу, құран оқу.
2 — Нәпіл (арабша) — міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз.
3 — Намазшам (парсыша) — күн бата оқылатын намаз. Шам — кешкі, кеш.
4 — Жер ұшық — ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау.
5 — «Еннатайына кәлкәусар» — шынында да құрметің, сыйың кәусар суындай.
Абай Құнанбайұлы