ТАНЫС ӘУЕН

Сірә, бізге тыныштық жоқ тұрмыста,
Іздеме оны,
Табамын деп тырмыспа.
Тыныштық жоқ,
Тыныштық бар — мәңгілік,
Тындырып бақ, ғұмыр қысқа, күн қысқа.
Тіршілікте тыныштық жоқ тұрмыста.

Демалыс ап, Кавказ, Қырым барғанын —
Бәрі өкініш,
Өзіңді өзің алдауың.
Қалай үзіп, қайда тығып, тыншисың,
Тыным бермес ойларынның жалғауын!?

Тіршілікте анау жүрек, мынау бас
Сая бағып, сірә, тыныш тұра алмас,
Желік көңіл,
Жетім ойлар тұрғанда,
Тыншып бейқам сауық-сайран құра алмас.

(Бұл — қағида қайталаған тіл біткен)
Тыныштық жоқ!
Тыныштық жоқ тірлікте!
Тыныштық сол —
Үлкен жердің үстінде
Өткен ғұмыр,
Біткен сөйлем,
Бір нүкте…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *