ШАЛҚЫ, МЕНІҢ ШҰҒЫЛАМ

Тағы, тағы,
Тағы да, тағы да кел,
Ағыла бер, жырларым, ағыла бер,
Бағына гөр, жүрегім, бағына гөр.
Анда-санда қаныңды бір тасытқан
Сағына гөр жырыңды, сағына бер.

Мазалай бер, мазала,
Тыным берме.
Әбігерге сала бер, ұрын кел де.
Желпіп жібер шаттықтың шәйісімен,
Бүкіл мына ғаламның мұңын бер де.

Үйіп-төгіп басыма, жұбанышым,
Бүкіл мына ғаламның қуанышын,
Жарамасаң, жүрегім, жарылып кет,
Қуанышым алдында кінәлісің.

Сок, соқ, жүрек!
Соқ, жүрек, қозғал, миым,
Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.
Жырсыз өмір — мен үшін өмір емес,
Жырсыз өмір — мен үшін тозған бұйым.

Шалқы, менін шұғылам, көк белдеуде,
Көпір бол да, тартып ал, көк пен жерге.
Нөсерлетіп, сөндір де таста мені,
Баяу жанып баратса от кеудемде.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *