Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын,
Жыласам да жұбат деп сұрамаймын.
Қыранның құдіретін қимасандар,
Қайтейін, тағдырын бер құралайдың.
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың,
Қашан атып алғанша құламаймын.
Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы,
Жанарымда жайнаған тұнады айдын.
Сайрандаймын сайларда, қырды асамын
Сынсыған ну орманмен сырласамын.
Қарауылға іліксем, ілігейін,
Құзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын,
Өткен өшті.
Енді оған қайырылмаймын.
Қыран да, құралай да болмақ емен,
Атымнан адам қойған айырылмаймын.
…Арпалысып жүргенде өмірменен,
Қай-қайдағы әкетпес көңіл деген.
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен.
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен!
Жыламаймын, сондықтан көңілденем.
Мұқағали Мақатаев