Мен бүгін көп қиналдым

Мен бүгін көп қиналдым,
Еш нәрсе жаза алмадым.
Бірдеңе мазамды алды, мазамды алды…
Көңілім қоқыстан бір тазармады,
Қоқыс сатқан жандайын базардағы.
Елегізіп, еске түсіп қай-қайдағы.
Көңілдің іріп кетті бал қаймағы.
Кегі кеткен жандайын әлдекімге,
Іш өртеніп, қайнайды қан бойдағы.
Сам жамырап, келеді құлап іңір,
Мен ойлаймын ананы-мынаны бір.
…Алыста, Абайлардың жайлауында,
Жайылып поэзия пырағы жүр.
Жүрсін, жүрсін жануар…
Жүрсін, мейлі
Әлі жеткен жан ұстап, мінсін, мейлі.
…Мен бүгін көп қиналдым, көп қиналдым,
Неге?!
Неге жүрегім дүрсілдейді!?
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *