ХАЛЫҚҚА ХАТ

 

Туған халқым!
Қатемді кешір менің.
Сенің арқаң — сескенбей, есіргенім.
Егерде жырың болмай, ұрың болсам,
Алақанға саласын несін мені
Жоқ!
Менің жүрек емес төсімдегі
Ол бір от сенің ұлы көшіндегі
Өзіңнің жандырғаның, өшіргенің
Әзірге тастаған жоқ есім мені,
Уа, жұртым!
Кешір мені!
Кешір мені!

Зәредей қылығың жоқ мен сенбеген,
Жасудамын жаныммен көрсем деп ем.
Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем,
Жасырмай бәрін айтып берсем деп ем.

Жамандық көре алмайсын сенсең менен,
Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем,
Аманат бір өзіңе өлсем денем.
Аманат бір өзіңе жырым-сырым,
Аманат Асан-жүрек жырым-жырым,
Жолсызбен жортамын деп,
Орта жолда
Жете алмай жетеріне жығылды ұлын,
О, менің
Желпілдеген туырлығым!
Желбіреп, жетіле бер Туың бүгін!

Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген,
Шөлдер менен тауларға, көлдерменен.
Құмда отырған қойшының қараша үйін,
Қайсыбір сарайлардан кем көрмеп ем.
Жетім қалған қозыға жем берген ем…
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
Кешір менің жанымды емделмеген!

Самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін,
Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің.
Бастап кетті басқаға шуақ-сезім,
Шуақ-сезім — секірген лақ кезім.
Менде өзіңдей болмады тұрақ-төзім.

Неге бұлай?
…Білесің бірақ та өзің.
Несін білдім өмірдің, несін көрдім?
Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім.

Туған ел, көз жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің?
Ортасында өшу мен өсулердің
Таяғын тарттым талай кесірлердің,
Туған ел, сол үшін де кешір мені!

Жаманын да болса егер жатсынбадым,
Мен жақсы көрдім, мені жатсынғанын.
Мен сеземін жаманын, жаксың барын,
Барлығы үшін, бәрібір, ақсын қаным.
Барымды ойымдағы тапсырмадым.
Бәрін де бір өзіңе аманаттап,
Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным.

Туған халқым!
Қатемді кешіре гөр!
Кешіре гөр!
Кеш қылмай несібе бер.
Ақынды ая,
Өмірге ақын бергін!
Көрікті болсын десең көшің егер Ал мені…
Кешіре гөр!
Кешіре гөр!..
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *