Сонымен күндер өтті


…Сонымен күндер өтті,
Күндер өтті…
Кімдер кеп, кімдер етті?
Жонынан майы тамған жомарт елім
Бәрін де қабылдапты, күндемепті!

Күндемепті бәтірің, талғамапты,
(Өмір үшін адамдар қанға батты.)
Кеткендердің артында айғыз-айғыз
Біреуден із, біреуден таңба қапты.

Біреулерден із емес, жол қалыпты,
(Өмір жолын олардың оңғарыпты.)
Артында тұғыры жоқ пақырлардың
Алдында апандайын ор қалыпты.

Өтті күндер, кетті кім құрағынан,
Ит өлімді еріксіз мұра қылған.
Адамдардың өмірі жаралсашы
Радийдің өзінің шуағынан…

Өкпелетті дей алман өмір мені,
Кейбір ойым ұшқанда көңілдегі
Салауат боп, сал денем жеңілдеді.

Қуантты да дей алман өмір мені,
Кезбе бұлттай кей ойлар көгімдегі
Нөсерлетіп, қайтейін, төгілмеді.

Өкпелетті дей алман өмір мені,
Барды-жоқты бөлістім елімдегі,
Соны көрдім, көрсе егер елім нені…

Қуантты да дей алман өмір мені,
Көп несібем құныға желінбеді,
Жалтақ бақыт жалт етіп көрінбеді.

Өмірімді несіне жек көремін,
Ауыр-жеңіл болса да өткеремін.
Өмір қашып барады құсқа мініп,
Мен артынан жетем бе деп келемін.

Тағдырыма несіне өкпелейін,
Мойын бұрмай келіп ем көпке дейін.
О, өмір, ұстатпаған уың бар ма?
Әкел, әкел, оны да жеп көрейін!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *