Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!
Кеудемде күңіренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған.
Аққулар, кешіріндер, жазықтымын!
Қараймын керуеніне қажып бүгін.
Адасып кетті-ау бірге сендерменен,
Алапат күшім менен нәзіктігім!
Сыңқылдап соғылғанда қанаттарың,
Таба алмай қалды менің тағат жаным.
Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,
Үзілген жанарымды сабақтадым.
Ақ көлдің айдын төсін шимайлаған,
Сұлулар, жатыр сені қимай далам.
Аққу боп неге ғана жаралмадым,
Адам боп өзіме-өзім сыймай барам.
Аққулар, алданыш па ең, арман ба едің?
Қош енді, қанатым жоқ самғар менің!
Нуларым сыңси жылап қалды-ау менің,
Суларым жетімсіреп қалды-ау менің!..
Мұқағали Мақатаев