Көңілім менің басылды,
Шегіне жеттім төзімнің.
Сүйе де менің басымды,
Бұршағын аршы көзімнің!
Сүріндім, оңбай сүріндім,
Кінәлі мына бір басым.
Алдыңа келіп жүгіндім,
Ақылшым әрі сырласым.
Сүйеші мені, қасыңа ал,
Құлауға, міне, пәс қалдым.
Ақындық деген — ашымал,
Ашымалға елтіп, мастандым.
Адуын жүрдім қашан да,
Адымым алшақ, бекем бой.
Арындап кеткен асауға
Ауыздық керек екен ғой.
Күнәсіз, бейқам жас күнді
Сұрама менен, жоқтама.
Асауың, міне, бас білді,
Ауыздық сал да, ноқтала.
Белгілі рақат таппасым,
Басылды, бітті желігім.
Арқама ерің батпасын,
Аяшы мені, СЕРІГІМ!
Мұқағали Мақатаев