Досым, саған сенемін

Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген — адамның көрігі екен,
Достық деген адалдың серігі екен.

Қыран күлкі-тамаша — бәрі осында,
Отырмын думан-тойдың арасында.
Береке бойдан асып жатқанымен,
Олқы тұр көңілім менің, нанасың ба?

Ұйытқып жатыр көңілде құйын-дауыл,
Неге сен келе алмадың жиынға бұл?!
Жыраққа жалғыз мені жібермеші
Жаныңа жаманшылық бұйырмағыр!

Әне, жұрт өзді-өзімен, сөйлеседі,
Өзімсіп: — Ей! — деседі, — өй! — деседі.
Шіркіндер-ай, даурығып тындар емес!
Есіме ап, тост көтерсем, кейде сені.

Сенсіз көңіл қашан да хош тұрған ба?
Сенсіз думан — қызылсыз бос қырман да.
Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп,
Сенін орның құлазып, бос тұрғанда.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *