ШӘМІЛДІҢ ПӘЛСАПАСЫ

 

Жігіттер, осы Шамкаңның
Айтқанының жаны бар.
Тесігі болса қалтаңның,
Ақшанды қолға алып ал.

Жыртыла қалса шұлығың,
Әйеліңе алғын тіктіріп.
Шақыра қалса ұлығың,
Алдынан табыл, тік тұрып.

Шәркейің тозып баратса,
Армянға бар да, шегелет.
Мәрттігің ұстап қазақша,
Артық күмісті бере кет.

Қарының ашса, ет жегін,
Шөліркеп кетсең, су ішкін.
Сыра іздеп алыс кетпегін,
Ақырын күтпей жұмыстың.

Шаршасан, жатып дамылда
Кереуетіңнің үстіне.
Ауырсан-дағы ауырма,
Ойлайды, ойбай, ішті деп.

Галстук байлап жейдеңе,
Жақсылап тұрып қырын да,
Жұмысқа барғын, сөйлеме,
Сөйлеген жанға бұрылма!

…Айта берсең, табылар
Тағысын, тағы, тағылар.
Жігіттер, осы Шәмілдің
Пәлсапасының жаны бар…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *