ҚЫЗЫҚ ӨМІР



Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат
Қызық өмір, ақырын тұрсаң қарап.
Біреулердің еңбегі еш, тұзы сор боп
Біреулердің бақыты жүр сорғалап.

Қызық өмір, кім білсін, сонысымен,
Аласы мен құласы, торысымен.
Тағдыр түрлі болғанмен өмір біреу
Ұнатамын өмірді сол үшін мен.

Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен,
Құр қалмайды ешкім де үлесінен.
Өліп-талып жеткенде бақытына,
Шорт үзіліп, кей тағдыр түгесілген.

Өміріме өзімнің танданамын,
Қалмайын деп қатардан қарманамын.
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,
Ертеніме үмітпен алданамын.

Ұнатамын өмірдің ой-қырларын,
Сауық құрып, сайрандап, той қылғанын.
Өмір керек көлеңке, шуағымен,
Өмір керек!
Басқаның қойдым бәрін…
Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен,
осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен,
Сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем —
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да,
әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы, мен,
өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.

Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *