Неге ертерек суалдың, жаным Анам?
Қалжыраған қозыңның халы жаман.
Өзің берген уызды іздеуде әлі,
Жетім қозы күзетке маңыраған.
Таста тұнған тамшының сынабынан,
Татып көрсе таудың да бұлағынан;
Бір кезде өзін иіскеп қоюшы едің,
Тартады енді біреулер құлағынан.
Бар айыбы — сусынын басқаны ма?!
(Барлық жердің шөлі тұр баста мына).
Барлық жердің іздеді аспанынан,
Тәтті уызың шынымен тастады ма?
Іздей-іздей еріні кезергенде,
Еміп көрді көлден де, өзеннен де;
Еріп кетті ақыры болмаған соң,
Емін-еркін жүретін көзелдерге…
Олар оны бастады ойға-қырға,
Мұрша бермей отыру, ойлануға.
Сұйық заттын бәрінен сүт іздеймін,
Ақ уызды ащы су жойғаны ма?!
Неге ертерек суалдын, жаным Анам?
Ақ уызды қай жерден тауып алам?
Азаматпын арда емген деп жүруші ем,
Жан екем уыздыққа жарымаған!
Мұқағали Мақатаев