АРУ АНА (поэма)

 

Бас бәйге
Бір төбеде бір топ тұр а құдайлап,
Бір төбеде бір топ тұр Абылайлап.
Мысық мұрт бағзы біреу аллалайды,
Ала бесті тағдырын қабыл ойлап.

Ала бесті иесі — аты Кұрман,
(Ол емес-ті бұл тойға шақырылған).
Жанын алған жатқанның қарақшы еді.
Алты болыс Албанды запы қылған.

Қарақшы еді мал тапқан ат жалынан,
Қарғыс атқан өмірі қатпа қылған.
Жортып өткен Құрманның жолдарынан
Жойқын-жойқын әлемет ақтарылған.

Сұрапылдай сұсты еді суық тағы,
Бұрыс жолдан тағдыры бұрылтпады,
Құрақ ұшып Құрманнан қорқатұғын
Туған елдің сықырлап уықтары.

Мекені жоқ, елі жоқ тұрақ қылған.
Жерді төсек, жұлдызды шырақ қылған.
Кезбе өмірі делбе етіп кер кедейді
Кез келген қиырларға лақтырған.

Кұрман сол той ішінде аялдады,
(Бәйгі аттар оралуға таяу қалды).
Бай отырған төбеге бетін түзеп,
Кәнігі кәззәп бөрі аяңдады,
Барды да, байға былай баяндады.

— Байеке, озады атым, бәс тігемін,
Тұлпарыңды тұғырым басты менің.
Алты болыс Албанды дүрліктіріп,
Құнанында бәйгі алған тас түлегім.

— О, сәуегей, әулие, көріпкелім,
Құдайдан құжат алып келіп пе едің?!
Қастерлеп, қанат байлап жіберсең де,
Тұлпардан тұғыр озбас, желікпегін!

Қайдан білдің ат әлде бап шабарын,
Қалай-қалай бөсесің, қатпа жаным?!
Жөніңді айтқын әуелі, елірме олай,
Қайдан жүрген пендесің, бәтшағарым?

— Жұртым — жер, руым — көк, далада өстім,
Қорлық көріп байлардан, нала кештім.
Бәс тігемін, байеке, бәйгемді бер.
Бәйгемді бер, озады ала бестім.

Бәс тігем де, қаласаң, жамбы атамын,
Қиырға қой киікті, қандатамын.
Шығаршы шымыр дене палуаныңды,
Аяғыңның астына аунатамын!..

Атып тұрды құр белбеу, саптама етік,
(Алып ұрып, кетпекші аттап өтіп).
Апыл-ғұпыл Құрман да ұстай алды,
Қолын қару, кеудесін қақпақ етіп.

Қос дүлей ұмар-жұмар түйдектелді,
Сығады қабырғаны күйреткелі,
Бай намысын қорғаған пақырыңды
Әп-сәтте-ақ Құрман пері илеп берді.

Алып ұрды алдына, шыдатпады,
Жолбарыстай атылып, бір аттады.
Қыз-келіншек қымсынып, бетін шымшып,
Мәрт жығылған палуанды ұнатпады.

Барлық назар Құрманда, таң көреді,
Сүмбедей сұңғақ бойлы, паң денені.
…Осы сәтте ойпатта үздік-создық,
Шуатылғап шудадай шаң келеді.

Жұрт дүрліге ойысып, ұрапдады,
Аруақтарын шақырды, тұра алмады.
Қою шаңнан үзіліп жалғыз қара
Жалғыз дара ойнақтап, қылаңдады.

Жалғыз қара үзіліп суырылды,
Қара жолдың апшысы қуырылды.
Айтып-айтпай не керек, сол бәйгеде
Тұлпарлардың енесін тұғыр ұрды…

Дүрліктіріп, тандантып рулы елді,
Ала бесті сөреге бұрын келді.
Бай алдында ала атпен ойқастаған
Жұрт жабыла қарап жүр жырынды ерді.

— Байеке, бәйгем қайда, атым келді,
Бас бәйгені байлану қақымда енді.
…Бұғыбай нөкерлерін жиып алып,
Өзара сойлесуді мақұл көрді.

— Жолаушы тойсын менің жұғыныма,
Қыз бермеймін кедейдің тұғырына.
Сары атанды бас қылып мал беріңдер,
Жетер сол да пақырдың ғұмырына.

Жалғыз атты жолаушы қара қасқа,
Адуынды неме екен алақашпа.
Еліме күшік күйеу болам десе,
Атын әкеп байласын мамағашқа.

Жақыным болам десе жатсынбаған,
Астындағы Аласын сатсын маған.
Құйын қуған келімсек кер кедейді
Алласы асыра деп тапсырмаған!

Есітіп мұны Құрман жалынбады,
Жалынбады және де қабынбады.
Сипай соққан самалға бетін төсеп,
Ала аттың арқасында дамылдады.

— Байекеңе айт, естісін, Құрман-атым,
Зауқым жоқ заңды олжадан құр қалатын.
Табиғаттың тауда өскен тағысымын,
Тақыр кедей мен емес құл болатын.

Кесір бай кесе алмайды қанатымды,
Бар малына бермеймін ала атымды.
Заңды олжамды алдыма тарт көлденең,
Байыңа айт, тауыспасын тағатымды.

Сұр қашты хабаршыдан сумаңдаған,
Сыбыр мен үрей жетті “Құрмандаған”.
Құрман есім құлаққа тигенінде,
Байдың да мысы құрып, тұр қалмаған.

— Байеке, екі айтпаған тұқымыңыз,
Төніп тұрған түлейді тұқырыңыз.
Жетім қызды артына мінгестіріп,
Қызыл көзді пәледен құтылыңыз.

Елден безген есерсоқ, соқпа құрғыр,
Арыстандай айбат қып шапқалы тұр.
Қарғап қойған кұдайдың шатпағы бір,
Ала атыңмен адасып отқа кіргір…

Талқан болды Бұғыбай тас қамалы,
Жұлқа тартып тәсбиғын тастады әрі.
Жеңіп алған жендетке бас бәйгеге
Қыз беруден қалмады басқа амалы.

…Тамашалап тобыр топ дуылдайды,
Қол ұшын беріп біреу бұрылмайды.
Ей, өлепат ит өмір, естисің бе?
Торға түскен торғайың шырылдайды.

Көзің қайда, көк аспан, көремісің,
Жарылсаңшы, осыған көнемісің?
Қара құс кеп қарлығаш балапанын
Қағып кетіп барады қорегі үшін.

Ар-намысы жаншылып, қараң қалып,
Зарлайды он бес жасар Жамал налып.
Туылмаған нәресте!
Мінгестіріп,
Бір жырыңды барады Ананды алып.

Өмірге келме, сәби, шақырмаймын,
Шықпаған күнім болшы, аһ ұрмаймын.
Қарақшыға мұрагер болғаннан да,
Қапымда қалғаныңды мақұлдаймын.

Қара жер жемсауында нала барда,
Осылай құс іледі қара қарға.
Сор-Жамал сорасы ағып зарланады,
Заңына замананың шара бар ма?

— Ағажан, ажыратшы ақ-қараны,
Жетімек ем, өмірдің ақ табаны.
Арыздасып қалайын атыңды бұр,
Артымда сорлы бауыр қап барады.

Кеше ғана екеуміз гүл қарап ек,
Ағажан, анау қырға бір қарап өт!
Болайық біріміз — құл, біріміз — күң,
Ағажан, екеумізді бірге ала кет!

— Ағажан, солай бұршы атың басын,
Артымда қап барады ақылдасым,
Шер жүрек, шерменде бір ғазиз еді,
Қуарып, құса кешіп, аһ ұрмасын,
Ағажан, солай бұршы атың басын!

Қыз даусын Құрман тыңдап желкесімен,
Зекиді оқта-текте келтесінен.
Қос құлағын қайшылап ала бесті,
Қояндайын жымады жер төсімен.

— Тәйт әрі, неткен ащы сұм дауысың!
Мен бе екен жыртатұғын күң намысын?!
Берілмеген қос құлақ ер жігітке
Әйелдің бақырғанын тыңдау үшін.

Өз-өзінен таусылып өшкені не?!
Анаң қыз, атаң ұл боп өспеді ме?!
Ағасы нес-с… Әлде сол әке-шешең
Бірі ерім, бірі әйелім деспеді ме?!

Қашаннан қас әдетін ұмытпапты,
Қарақшы жатағына суыт тартты.
Қыза-қыза өртеніп шоқтанған күн
Нарттай жанып, батуға жуықтапты.

Сарыла ойлай-ойлай иі қанған,
Тұншықты Жамалдағы тұйық арман.
Күн батты. Ал батыста талауранып
Тапжылмай жатып алды ұйыған қан.

Ауыздықпен алысқан ала бесті,
Апырай, қайда сенің қараң өшті?!
Құзар тау, құлама өзен, ну қарағай,
Сыпырып сай-саланы самал есті.

Бұлықсып былдыр бұлақ сайда аунады,
Бұралып бұйра талдар Айды алдады.
Қарағай сыбдырымен қалғып-мүлгіп,
Суып тұр ала бесті байлаудағы.

Шыңыраудан үн шықты шырылдаған:
— Өлдім-ау… өлдім,.. апа,.. Күнім қараң!..
Қарақшы, сұм қарақшы… затың құрсын!
Өлдім, апа… естімей жатырмысың?..

Ай кетті бір орныңда шыр айналып,
Тояттап төбеде отыр құмай барып.
Әлгіндегі жап-жасыл ашық аспан
Әлемет боп барады лайланып…

Сәбилік сөнді… тауда қала берді…
Ей, өмір, балаң емес Жамал енді!
Арман-өмір, аманат тек өзіңе,
Алдыңа ашулы Ару-Ана келді!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *