Өлтірігі қашсам ба екен…
Қайда барам?..
Қарсы алар ата-анам жоқ аймалаған…
Жөн сілтеп, жол көрсетер бір пенде жоқ.
Әлде су, әлде құзда, сайда қалам.
Ақ патша дегені кімі тағы?!
Құдай білсін, өзіндей ұры тағы…
Ой, сұмдық-ай, пенделер жұмыр басты
Қалайша елі-жұртын ұмытады?!
“Босуда елің Қытайға, Қырымға да?!” —
Деді-ау маған, ой, тоба… Зұлым жаңа.
Аң мен құс аждаһаның мекенінде
Өлем бе жабайы боп, шынында да?!
Жалған-ай, тынысымның тарылғаны-ай!
Бақытсыз басым қара жамылғаны-ай…”
Қалғып кетті.
Келеді шыңға өрмелеп,
Шатынап шанағынан жарымжан Ай.
Құзар тау, құлама құз, боз жотаны
Астына ап аяз бейбақ боздатады.
Сайларда сайтан боран көкпар тартып,
Көкесін қорқыныштың қоздатады.
Құздарда пері жортып, жын аунайды,
Шынарда тозақ оты алаулайды.
Бораннан сауға сұрап қарағайлар,
Жезөкше келіншектей бұраңдайды.
Жарқ етпей жанындағы асыл үміт,
Жалт етпей жанарында жасы бұғып.
Тотысы иесіз таудың ерке бұлақ
Қалыпты мұз астында жасырынып.
Сетінеп бара жатыр түн жиегі,
Ақ басын Ата тау да түнге иеді.
Үрейлі үңгірдегі май шам ғана
Үмітсіз аурудай ілмиеді.
Хандайын тояттаған ханшасынан,
Қорылдап Құрман жатыр шалқасынан.
Кеңсірігін кенеп бір жібергенде,
Демінен тас үгіліп, шаң шашылған.
Үстіне асқар таудың тасын үйіп,
Жамал жатыр жаны — өрт, басы — күйік.
Заман-ай, өлі ұйқының өзінде де,
Қалыпты төңіріне басын иіп.
Ала ат тұр ұйқылы-ояу, күркешікте,
Ол да тұтқын, басы байлау, кілт есікте.
Қара тағдыр үшеуін ұмар-жұмар,
Әкеліп қамағаны-ай бір тесікке.
Таң атты, күн де шықты құлақтанып,
(Тіршілік өз міндетін жүр атқарып).
Жылайды қапастағы қайран бұлақ
Қайрымсыз әлдекімге мұң ақтарып.
О, таулар, таулар, таулар басы бұлт,
Тындың ба түні бойы тасың ұлып?
Түнімен асыр салған перілерің
Қалды ма шың-құзыңа жасырынып?!
Түнде ғана тұр едің сұрапылдай,
Тасың қалған қалайша уатылмай?!
Енді міне, аязың аппақ шыны
Маңдайдан шертіп қалса сынатындай.
— Ал, қатын, мосыңды іл, асынды қой,
Тысқа шық, түнгі әлемет басылды ғой.
Не деген бетпақ еді салдақы түн,
Адамның берекесін қашырды ғой.
Тұр, қамда тірлігіңді, жарамайды,
Жатқанды алла пендеге баламайды.
Асың әзір болғанша мылтығымды ап,
Бір аралап келейін қарағайды.
Ыққан аң түнгі дауыл түнегінен
Паналайды тоғайды, білемін мен.
Бұйрық болса, сергиік жас сорпа ішіп,
Сыбағамыз бар шығар бұл өмірден.
Жамалға қарады да қиық күліп,
…Ол кетті бердеңкесін иыққа іліп.
Жамал бей-жай, көтерді әзер басын,
Ұйып жатып төсекте, ұйып тұрып.
Түн өтеді, қайтадан күн келеді,
Күн өтеді, тағы да түн келеді.
Ғазиз Жамал төсскке сүт боп еніп,
Айран болып ертесі түрегеледі.
Ол байлаулы құлынды желі-күнге,
Екіталай енші жоқ ерігінде.
Жанын жеген жалғыз ой Жамалдағы:
“Осы мен тірімін бе, өлімін бе?!»
Ойлайды да, өзегі өртенеді,
Өзіне өзі ібіліс, жеркенеді.
Ғазиз жанның өткені бүгін болып,
Бүгінгісі сорлының ертеңі еді…
Мұқағали Мақатаев