— Ана, армысың!
— Уа, бар бол, балам, саумысың?
Сәл сабыр ет, қарағым,
Інішегің қалғысын.
Далада өскен емес пе бабаларың,
Талпынады далаға інішегің.
…Пай, пай, қандай мына бір самала күн!
Есен-саусың, қарағым, тыныш елің?..
Сайрады жасыл бақтың кенті — бұлбұл,
Уыз сәби ұйқыда елтіді құр.
Тентек самал әжейдің шәй жаулығын
Бүлк еткізіп, абайлап желпіді бір.
Жапырақтар жайылған алақандай,
Жәудірейді бұтақтан, тағат алмай.
Жасыл жәннәт. Ақ үрпік әжей отыр,
Ұядан жаңа шыққан балапандай.
Саялатып самал тұр жасыл бақты,
(Ақ жаулығы әжейдің қасын жапты.
Кәрілікке әлі де бас ұрмапты,
Ақша жүзін әлі әжім жасырмапты).
Мен де отырмын, алқызыл айналам гүл,
Айналам гүл. Жалпақ жаз. Жайнаған нұр.
Салауатпен сал әжей жалт қарады,
Қос жанардың қуаты таймаған бір.
— Оңаша осы баққа күнде келем,
Балам, сені осыннан күнде көрем.
“Түсі жылы, түңілме” дейді ғой жұрт,
Түсің жылы бала екен, білмеген ем.
— Күнде түсті осында өткеріп ем,
Мен де сізді осыннан көп көріп ем.
Үлкен адам болғасын, сәлем беріп,
Парызымды өтейін деп келіп ем…
— Күнде осыннан шұбырып ел де өтеді
Қалмаған-ау кішілік елде, тегі…
Жөн-жөн, балам, әмәнда осылай бол,
Сәлемдесіп жүргенге нең кетеді?!
…Әңгімеден әңгіме қозды-ай дерсің,
Сері самал теректі қозғай берсін,
Әлдеқайда асыққан жүрдек пойыз
Ботасы өлген інгендей боздай берсін…
Уыз сәби ұйқыда балбырасын,
Жайып құшақ жәннәт бақ албырасын.
Ертегідей өмірін еске ап әже,
Ет жүрегі езіліп, қан жыласын…
(Сауал қойдым әжейге тұрған бойда),
— Құрман ше, Құрман… әже, Құрман қайда?
— Оқ тиіп қан майданда қайтыс болған,
Соры бір арылмаған қу мандайға…
Сол тұңғышым осында дәрігер-ді,
Қалғандары, қайтейін, бәрі де өлді.
Қайсібірін айтайын, қалқам, саған,
Білесің ғой кешегі әбігерді…
Мына біреу немерем…
Қарғам менің!
Шүкіршілік аллаға, арманда едім.
Айта берсе, қалқам-ау, арман көп қой,
Бұл өмірде армансыз жан бар ма еді…
Мұқағали Мақатаев