Мына дүние әділдіктен жаралған,
Өз орнында: жер де, күн де, тау, орман.
Бір-бірінен қуат алған, нәр алған,
Мына дүние әділдіктен жаралған.
Күн барады әділдігін арқалап,
Әділдігін бөлеп жатыр шартарап.
Әділдік деп жүргеніміз біздердің –
Бар ғаламға, әлемге ортақ салтанат.
Мынау өмір әділдіктің тұрағы,
Мынау дүние әділдіктен тұрады.
Ал Адам ше?
Адам неге жылады?
Біреулерден біреу неге ығады?
Біреулердің сағы неге сынады?!
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,
Су тартылған теңізден, жылғалардан.
Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.
Не бар дейсің, өмірге тұлға болған
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
Өтеді ғой…
Өтеді барлығы да,
Күн арқалап кетеді танды мына.
Менін жаным ашиды барлығына:
Таң нұрына, адамның тағдырына.
Менін жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге жеткендерге.
Ұран жазып аспанға қойсам ба екен,
Енді сендер өмірден өтпендер деп.
Бәрі өтуде
Күн батып, кеш кіруде,
Жаңаруда дүние, ескіруде.
Болашақтан — бейтаныс, ұрпағымыз,
Босат деп тұр орнымды,
Естідің бе?!
Мұқағали Мақатаев