Қабағы таудың қатулы

Қабағы таудың қатулы,
Қар жауа ма, қайтеді?!
Бұлақтар мұнда батулы,
Мұз тұра ма, қайтеді?!

Ай туыпты шалқалап,
Шатынап аяз болар ма?!
Тыныстай қапты шартарап,
Шарқ ұрып дауыл соғар ма?!

Жапсан жап тауды, қыратты,
Жаусаң жау, ақ қар, үш апта!
Бұйығып жатқан бұлақты
Бұрқана келіп құшақта.

Дала, орман тегіс ілбіпті,
Соқсаң соқ, дауыл, серпіл бір!
Мына бір бейкам тірлікті
Желпіндір, дауыл, желпіндір.

Шалқадан туған Айды да
Орақ қып көкке шаншып қой.
Жол ашсан мұңға, қайғыға
Тірлігін онда мансұқ қой.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *