КҮН АУЫСЫП БАРАДЫ



Күн ауысып барады түнге қарай,
Шығыста — кеш, Батысқа — кірген арай.
Күн шыққан жерден әр кез түн келеді,
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.

Сонғы шоғын сөндіріп арайлаған,
Күн кетті, тіршілікке қарайлаған.
Ай туды, нұрсыз да емес, нұрлы да емес,
Шашырап өлі сәуле шар айнадан.

Аспан да абыр-сабыр шамын жағып,
Құс жолы да төселді сағымданып.
Бар дүние тұрғандай дамыл бағып,
Тауым қалғып, ойымда бағым қалғып.

Түн мені күйзелтеді жынды қылып,
Бақты басып жатқандай, гүлді жұлып.
Күміс қанат бір құсқа мініп алып,
Кетсем бе екен артынан күнді қуып.

Неге мен үрейленем түнге қарай,
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
Күнде — өмір, түнде — дамыл, түсінбеймін,
Мойнымды бұрсам екен кімге қарай?!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *