ҚЫСТЫҢ КҮНІ

 

Күн күлмейді еркінше нұрын шашып,
Дамылсыз көк күмбезін бұлт басып.
Отыр міне қарт анам ойға шомып,
Таянып ұршығына, құты қашып.

Күн шығып, көп кідірмей қайта батқан,
Түншығып бұлт астында таулар жатқан.
Қар жамылған кең дала, асау өзен
Үстінде көкшіл меруерт мұзы қатқан.

Тәкәппәр қыс лебі неткен күшті,
Ақ қырау алыстағы орман үсті.
Иілтіп әлсіз дене жас шыбықты,
Ұлыған долы борап соға түсті.

Ұлпа қар кеше ғана жауып өтті,
Кіршіксіз аққа орап төңіректі.
Жүзінді бейне сұлу нұрға бөлеп,
Жабысад шытқыл аяз қарып бетті.
Ақша қар көз ұялтып, шағылысып,
Алтынның ұнтағындай жылт-жылт етті.

Ысқырып, аяз зулап кең далада,
Көркіне көз ілеспей қаққан сылаң.
Лебімен уын шашқан айналаға,
Тәрізді ысқырығы зәрлі жылан.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *