РАҚМЕТ, ДАЛА!



Дала, рақмет саған,
Асырдың-ау даңқымды,
Қуанттың-ау халқымды,
Алып төсіңе алып қазан орнатып,
Сапырдың-ау алтынды.
Пай-пай, неткен маңғаз едің
Білмейтұғын шалқуды.

Тұрсаңшы,
Билесеңші бізбенен.
О, менің Жерұйығым.
Асан атам іздеген!
Қатыгез кездерінде
Қасиетті халқым сенен күдер үзбеген,
Сенен бақыт іздеген,
Тұрсаңшы,
Тойласаңшы бізбенен.

Тұрсаңшы,
Көрсеңші кеудеңдегі кереметті.
(Нелер келіп, басыңнан нелер өтті…)
Самалдап, бір жамбастап жатарсың тек,
Ырысқа орап қойып төңіректі.

Білесің бе, Дала?
Біз сені
Жүрегімізбен жылыттық,
Ашшы терімізбен суардық.
Сенің үшін бәрін де ұмыттық,
Ұмыта жүріп қуандық.

Дала, рақмет саған!
Білемін ғой, сүймейсің босқа шуды.
(Есімде, даурықпадан жалыққаның)
Қан төкпей-ақ тер төгіп достасуды,
Ұлы Далам, тағы да анықтадың.

Ұлы Далам, не деген керім едің,
Жаратқан ғой бағыма сені менің,
Дүбірлетіп, әнеки, бара жатыр
Алтын артқан шаңқан боз керуенін.

Дала, рақмет саған!
Ырыс қосып жатырсың ырысыма,
Ағыл-тегіл жүректен нұр ұшыра,
Алтыныңды толтырып уысыма,
Дала, рақмет саған!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *