ГҮЛДЕР СЕМІП БАРАДЫ

 

Жер ылғалын, күн нұрын көріп толып,
Бал араға бар нәрін беріп болып,
Күннен күнге дерт женген нәрестедей
Гүл сарғайып барады семіп, солып.

Көрік кеткен лала гүл, раушаннан,
Жапырағын, сабағын қырау шалған.
Сумандаған ұрыдай суық жел тұр,
Жабырқаған гүлдерге лаң салған.

Ажарымен қоштасып, алаңымен,
Гүлдер семіп барады сабағымен.
Түгі кетіп, жарғаққа айналған ба
Көздің жауын алатын дала — кілем?

Күнде көрсең тұратын күнде өртеніп,
Гүлдер сөніп барады,
Гүлдер сөніп.
Гүлдер семген,
Сарғайған дала мұнда,
Гүлсіз көркі шамалы қаланыңда!
Сабағынан үзілген гүл раушан
Жазды әкетіп барады жанарында.

Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *