ШИБҰТТА

 

Асыр сап қойыныңда өспесем де,
Шаттанып шалғыныңды кешпесем де.
Көркіңді сенің сұлу жыр етпекпін,
Төселтіп тіл түйінін шешпесем де.
Келгелі жылдан асты осы жерге,
(Жат елде күнелткелі мен шерменде).
Дос тұтып сыр ашамын, мұң шағамын,
Осынау көлбеп жатқан кербез белге.
Кеудең-кең, жотаң-алып, тасың-найза,
Аспанда төбең тиген алтын айға.
Тулатып толқындарын тасқа соғып,
Тасқындайды ерке өзенің терең сайда.
Домалап тастан аққан әлсіз бұлақ,
Сылдырап ағып жатыр ол да құлап.
Өзеннің ерке үнімен тербеледі,
Жағада жапырақ пен көкше құрақ.
Көкте күн он бойына нұр себелеп,
Гүлденіп, бүршік жарған тал мен терек.
Самалмен салқын соққан қарағайлар
Толықсыйды жамылып ап жасыл желек.
Қырқада құлпырғанда қызғалдағың,
Қия алмай мен де күндеп қызғанамын.
Қыйқулап жыл құстарын әндеткенде,
Шабыт туып жүректе, қызған жаным.
Балауса балдырғаның гүл атқанда,
Шаңқ етіп тау қыраны тіл қатқанда.
Мен де сол таң нұрынан нәр алғамын,
Ұйқыдан таң шолпаны оятқанда.
Шыңың мен, Шибұт, сенің асқарыңа,
Шыңыраудан көз салам тастарыңа.
Мүмкін, сен ақылымның арқауы боп,
Өмірімнің жазыларсың дастанына.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *