Ат суара барғанда жылғаға мен


Ат суара барғанда жылғаға мен,
Ашаң жүзің ашылып, бір қарап ең.
Құлағында ай сырғаң дір-дір етіп,
Енді үзіліп кетердей тұрған әрең.

Қимыл сайын майысып бос буының,
Асылып тұр арқаңа қос бұрымың.
Құла бесті құлағын тіге қалды,
Қыз көрмеген мақұлық, осқыруын!

Жақындатпай жанына үрікті кеп,
Тарпаң неме тулап тұр бүлік тілеп.
Жолбарыстай атылып тізгінді алдың,
Отты, өжет қыз едің, жігіт жүрек.

Тарпан неме тайсалды қуатыңнан,
Қулай түстім қасыңа құла атымнан.
Ерге қондың. Жөнелдің ен далаға,
Артыңда тек шаң қалды шұбатылған.

Құла сайтан барады оқтай ағып,
Шыт көйлегің алаулап оттай жанып,
Әудем жерге жеткенде бурылдың да,
Қол бұлғадың артыңа тоқтай қалып.

Кім болды екен жолыңды торып жүрген
Біреу барды қасыңа торы мінген.
Тентектердің өзімдей бірі ғой деп,
Жақсылыққа әйтеуір жорыдым мен.

Қырға тарттың құйын боп екеуің де,
Құла кетті торының жетегінде.
Құмды құшып, дәрменсіз қала бердім,
Қуатым жоқ еңсемді көтеруге.

Айналамда дүрлікті ауыл болып,
Адастырдың басыңа бағың қонып.
Құйын болып жылғадан бастадың да,
Сардалада жоғалдың сағым болып.

Қидым саған құна аттың тұяқ күшін,
Қарғамаймын, демеймін ұяттысын.
Сағым болып алыстап кеткеніңмен,
Самал боп оралатын сияқтысың.

Серігіңмен сен асқан жұмбақ қырдан,
Жұмбақ қырдан — жүрекке мұң қаптырған
Сағым жүрсе, телмірем сен екен деп,
Жете алмай орамалын бұлғап тұрған.

Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *