Қарғам-ау, қайдасың сен, жүрсің бе есен?


Қарғам-ау, қайдасың сен, жүрсің бе есен?
Хабар бер қасиетімді білсін десен.
Зіл батпан көкірегім көтертпейді,
Демігіп әлсін-әлі күрсінбесем.

Енжарлық, көңілсіздік, езілемін,
Қалғандай қара жаяу сезінемін.
Егер де осы өмірде бақыт болса,
Сол бақыт менің үшін өзің едің.

Есімде ақырғы үн, ақырғы леп,
Ақ моншақ жанарыңнан атылды кеп.
Үндесерге тіл келмей, амал қанша,
Қош дедік алғашқы рет, ақырғы рет.

Қайдасын, хабарын жоқ, өтті уақыт,
Сан жылдар жігерімді кетті уатып.
Жетім құлын секілді көшке ілескен,
Сенімен кетті жастық, кетті бақыт.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *