Сен сүйікті едің…


Сен сүйікті едің…
Сүйіктісің!
Сені көріп тағы да күйікті ішім.
Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым,
Әлі де биікпісің?
Биікпісің?!


Қилы тағдыр қарсы алдымда тұрғанда,
Мен шорқақпын махаббатты жырлауға.
Өлеңде емес,
Өмірімде ат ізін,
Амал қанша, салғамын жоқ бұл маңға.

Он сегізге, жиырмаға толғанда,
Отау тігіп, ойнағам жоқ ол маңда.
Шын махаббат көрмедім мен,
Болғанда,
Даяр едім Отанымдай қорғауға.

Махаббатым өзімде деп ескерткем,
Кез болған жоқ құлай сүйіп, ес кеткен.
Кім біледі, сырт айналып кетті ме?!
Босана алмай жүргенімде бөстектен.

Қапелімде арты — өкініш, алды — мұң,
Қаламаймын махаббаттың қалдығын.
Содан болар…
Содан болар кім білсін,
Махаббатқа шорқақ менің жан-жырым.

Махаббатқа шорқақ менін өлеңім,
Телісем де тели алмай келемін.
Неге керек өзімді-өзім демеуім,
Кімге керек сені сүйем дегенім?!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *