( қысқы көрінісі)
Түнерген кейуана Қарасазым!
Қойпында өткізіп ем өмір жазын.
Болса да бір шақырым жүрмін алыс,
Амал не, алла ісіне бар ма лажым?
Сылдырап бауырында бұлақ аққан,
Сыңсыған ну орманың мүлгіп жатқан.
Сылаңдап өзен суы әзілдесіп,
Сылқылдап әлденеге езу тартқан.
Қарасаз, кіндік қаным саған тамған,
Жолдасым бірге келген сенде қалған.
Шыбықтан ат қып мініп, балық аулап,
Өзен мен орманында асыр салғам.
Бұл күні қысқы тұман бүркеп алған,
Көрсетпей тоғайыңды қырау шалған.
Аязды түн жамылған қарт жылқышы,
Ыңырсып қайғы-мұңлы әнге салған.
Аязды сағым ойнап кырлы далаң,
Сұлқ жатыр, жансыз бейне болмай алаң.
Өткізген сол далаңда өмірімді,
Қайғыра, тебірене есіме алам.
Әне тұр менің туған жаман тамым,
Сол тамда көргем тұңғыш өмір шамын.
Есігін өмірімнің сонда ашып,
Іңгәлап мен де өмірге ұмтылғанмын.
Жиегінде өзеннің ол тұрады,
Қарасам, көзді жасқа толтырады.
Қымбат маған көзімнің қарасындай,
Ол тамның әрбір түйір топырағы.
Ұшырған ұясынан Қарасазым,
Айттым мен, ұқшы сен де көңіл назын.
Аяңнан еш уақыт алыс кетпен,
Әкетсе тағдыр айдап бар ма лажым?
Мұқағали Мақатаев