..Жылап аққан өзені

…Жылап аққан өзені,
Мұңлы ма еді, қандай ед?…
Жасырын жүрек сезеді
Көз жасы оның балдай ед.

Түнекпен тұтып көңілді,
Тұнжыраушы едің сен ғажап.
Алыс бір арман өмірді
Қайғыртушы едің ойға сап.

Адасқан кейде ақша бұлт,
Қонақтаушы еді басыңа.
Ойымнан қайғы боп ұмыт,
Отырушы едім тасыңа.

Толқын беріп шалғынға,
Толықсушы еді самал жел.
Күн батардың алдында,
Көгілдір тартып асқар бел.

Сағынам, Шибұт, сені мен,
Аяулы, жалғыз жанымдай.
Сағынам адал көңліммен,
Өзіңді сүйген жарымдай.

Ауыр бір ойда отырып,
Жазғанда сәлем еліме.
Көзімді жасқа толтырып,
Сағынам, Шибұт, сені де.

Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *