Сүйемін мен жерімнің
Топырағын, тасында.
Сүйемін думанды елімнің,
Кәрісін және жасын да.
Бұлтсыз, айсыз, жылы леп,
Сүйемін салқын кештерін.
Бетті аймалап уілдеп,
Толассыз соққан ескегін.
Шаңдатып жота, қырларын
Жылқы ойнаса біріндеп.
Мен сүйемін тұрғанын
Жылқышының күлімдеп.
Сүйемін гүлге нәр берген
Нөсерді жауған сіркіреп.
Жарқ-жұрқ етіп әр жерден
Сілкінсе аспан күркіреп.
Бұлт ойнаған бетінде,
Сүйемін көкшіл аспанын.
Ауылдың оқшау шетінде,
Асыр салған жастарын.
Байқасам кейде тұра қап,
Тәтті бір сырды сеземін.
Сүйемін суды қуалап
Сарқырап жатқан өзенін.
Мұқағали Мақатаев