Болмады қайта тағы кішірмеске,
Болмады ойға өткенді түсірмеске.
Анамның аймалаған ілебіндей,
Ескегің ежелгіні түсірді еске.
Өскен жер әлі ойымда, ұмытпадым,
Ежелден аңсаушы едім, жуықтадым.
Егерде жырламасам, риза емес
Кешегі бірге өскен шыбық, талым.
Мені жырла дегендей қара суың,
Мені жырла дегендей қалың нуың.
Мені ойыңнан қалайша шығарасың,
Деп маған айтқан да еді талай ұлың.
Өскен жер, өн бойыңа тұрсам қарап,
Өзіме, өлеңіме бітер қанат.
Құшуға сыйдыра алман құшағыма,
Сондықтан жырым кетсін сені аймалап.
Анамның мені өсірген аясындай,
Әкемнің мені сүйген санасындай.
Өскен жер, қамқоршымдай қарайсың сен.
Өзіммен бірге туған жанашырдай.
Шаттанам шыбығыңды сүйемін де,
Балқиды ішім емес, сүйегім де.
Есігін дүниенің ашқан едім
Кішкентай өзеніңнің жиегінде.
Өзеннің жағасында, тозған тамда,
Туылу қандай қымбат мендей жанға.
Жыртық там жүруіме сүйеу болған
Талпынып, мен өмірге ұмтылғанда.
Орап ап мені шоқпыт бөстегіне,
Қуана күн-күн сайын өскеніме.
Мен үшін менің ғазиз ата-анам,
Өмірдің тозақ отын кешпеді ме?
Өткізіп талай түнді ғазиз анам,
Ақ сүтін аймалатып берген маған.
Сол тамда түн үйқысын төрт бөлген-ді,
Бесікте даусымды естіп шырылдаған.
Әкемді неге ұмытам кетпенімен,
Жалаң аяқ жұмысқа кеткенін мен.
Мен үшін, менің алғы күнім үшін
Өткен-ді талай азап өткелінен.
Әйелі: “Маған киім әпермедің! ~
Деп жылап, — маған неге әкелмедің?”
Үрпиіп от басында мен отырсам,
Қиналып күрсінген-ді әкем менің
Қайғы мен қапада өсіп, шаттанбай-ақ,
Сазына тұрмысының батқандай-ақ.
Елестейді Қарасаз құм-тасынан
Әкемнің азап жолы жатқандай-ақ.
Қарасаз менің алтын бесігімдей,
Бір күндік өмірімнің бесініндей.
Сенен татқан алғашқы бие емшегім
Өмірдің тұңғыш берген несібіндей.
Бойына қара судың шығып қалың
Бірге өскен бауырымдай шыбықтарың,
Шиіңді от, шілігіңді қорған етіп,
Асыр сап аралында шыныққамын.
Жаныма сусын болып бал бұлағың,
Киіктей орманында қарғыладым.
Жерінде жетімек боп қалғанымда,
Суыңа сырымды айтып зар жыладым.
Әне тұр соған куә жар қабағың,
Жағалап сонда жүріп зарлағамын.
Мейірбанды әкемнен мені айырған
Өлім еккен соғысты қарғағамын.
Баса алмай өксігімді құспап па едім,
Шыдамай шыбығыңды кыспап па едім.
Сілем қатып бір сәтте жата қалып,
Тасың менен құмынды құшпап па едім.
Туған жер, тұлғаң жібіп сонда сенің,
Жұбатып, жұпар құйып, ескек желің,
Әкемнің сақалындай көк балаусаң
Жасымды сүртпеп пе еді сүйіп менің.
Сәбиді жетімекке теңеместен,
Туған жер, асыраған сен емес пе ең?
Қармақ сап, балық аулап, бақ-бақ теріп,
Өспеп пе ем жоқшылықты елеместен.
Туған жер, тұлғаң сенің шықпас естен,
Болсам да ойы сараң, үміті өшкен.
Сүйемін, шын сүйемін өлкеңді мен,
Себебі: балапанмын сенен өскен.
Анамның маңдайындай аспаныңа,
Қарасам, азық алам жас жаныма.
Сенделіп сендегі өткен күндерімді,
Теңеймін өмірімнің асқарына.
Жағасында жайқалып жасыл құрақ,
Көз жасындай төсінде көкшіл бұлақ,
Өмірден көп өкініш көрген жапдай
Өксігін тоқтата алмай жатыр жылап.
Әне сонау алыста, қиыр шетте,
Жасыл орман жабырқап жатыр текке.
Немене, неге қаулап өсе алмай тұр?
Шырпысын өрт шалған ба ертеректе?
Жатыр мүлгіп кең далаң мұң басқандай,
Жапырағы дірілдеп ымдасқандай.
Баяу соққан толассыз ескек желмен
Сары селеуің сыбырлап сырласқандай
Басқаның бай өлкесін, ауданын да,
Алмаймын сенің кедей аумағыңа.
Дамылдап бұлттар жатыр бура жалды,
Көз салсам өркеш-өркеш тауларыңа.
Жалғыз түп таудағы өскен балашығың,
Аяулы-ау айналайын қарашығым.
Төгілген төмен қарай бүрі ғана
Өмірдің ұтқаңдай-ақ бар асылын.
Аңсатқан талай жанды, таңырқатқан,
Көз салшы Шалкөдеге көлбеп жатқан.
Арқада аңыз болғап Бурабайды
Ұтпай ма мына біздің Есекартқан?
Көз жетпес көк тіреген шыңырау құз,
Жалтырап жазы-қысы жамылған мұз.
Әлпі мен Елбұрыстан кем түепейтін
Міне тұр Хан тәңірі мен Тәншәніңіз.
Жақып тартпас жан қалай өз еліне?
Өз елін сақтамай ма өзегіне?
Жылғасып Текес пенен Байынқолдың
Теректің теңгермес ем өзеніне.
Жабырқап, жалтармас ем жастығыма,
Еріксіз еңкеймес ем бастығына.
Бермес ем Бердібектің “Бұлағын” мен
Тайырдың тәкәппәрлі “Тасқынына!”
Япырмау, не айттым мен, кімді естідім?
Бишара-ау, неге қозды күндестігің?
Сезгенше Тайыр ағаң ендігі жыл,
Сыртынан таласа бер, білмес бүгін!
(Бұл шумақ үстінен сызылған — Сарашы).
Отырмын ортасында өз елімнің,
Ішімнен сөзін жұптап өлеңімнің.
Сұрауға судың сырын ебін таппай,
Шетінде қарап тұрмын өзеніңнің.
Өзенім сүйсіндірді, таңырқатты,
Наз, еркелі сұлудай сылаң қақты.
Жағада күбірлеген мені байқап,
Сылқылдап, келекелеп күліп жатты.
Толқынды толқын қуып бұлаңдады,
Адастым тәтті ойымнан, су алдады.
“Қарғам-ау, нені күтіп отырсың?” — деп,
Еңкейді анам менің су алғалы…
Туған жер, шаттығың мен күйігіңе
Ортақпын. Жырым айғақ сүюіме.
Аралыңда адасқан аққуыңды
Тапсырсаңшы ертерек үйіріне!
Жабырқатпай, жасытпай жігерімді,
Егерде қабыл алсаң тілегімді,
Шынымен керек десең, берер едім
Данкоша жұлып алып жүрегімді.
Мұқағали Мақатаев