Әлдеқашан жасырынды, күн батты,
Ауыл үстін алаң-елең түн жапты.
Сонау егіс даласында колхоздың,
Қызған еңбек әлі-дағы тынбапты.
Жарқырайды түнгі ауылдың оттары,
Адам даусы, пысқырынған аттары.
Қызыл сәуле бір көрініп, бір сөніп,
Белден асып машиналар кетті әрі…
Дүбірлеткен кешеміздің жан-жағын,
Дыбыстары машинаның, арбаның.
Қалтырайды қойлы ауылдың оты да,
Жағасында тасып жатқан арнаның.
…Күндегіден әлдеқайда жай тіпті.
Қыр астынан әрең-әрең Ай шықты.
Жатағынан кешеу қалған топ үйрек,
Жаңа ғана жайылымнан қайтыпты.
Көз алдымда оның кейпі, сыр, түсі,
Сыпайы бір ашық-жарқын күлкісі —
Ар жағында қарауытқан қыраттың,
Әндетеді менің досым жылқышы.
Өсекшіл жел сыбырлайды алыстан,
Сырын ұрлап жастардың да табысқан.
Әлі қарап, мен де тұрмын бір үйге,
— Жұмысынан келді ме? — деп таныс жан…
Мұқағали Мақатаев