Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рақат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.
Қар да ілігіп қалған-ды тау басына,
Мұз тонды ма бұлақтың жамбасына?
Суық келіп, суыр да жатқан шығар,
Қамдап алып азығын қамбасына.
Төрт түліктен төгілген шалқар әнді,
Ұзатқан-ды, жайлау да тарқаған-ды.
Ескі жұртты тіміскіп, қорқау әлгі
Қажалап та жүрген-ді қаңқаларды.
Сағыныштай сарғайып жанды ма күз,
Сары шәйі жамылып алды ма тұз?
Қурайларын сыңсытып сыбызғыдай,
Қаңбағы ұшып, каңырап калды ма аңыз?
Әңгімеле тауын да, даласын да,
Қырқасын да, сайын да, саласын да.
Ақбоз үйдің түндігін желпілдетіп,
Қонды ма кеп қойлы ауыл Қарасуға?
Қарасуға қосылып тұна барып,
Жатқан болар іргеде бұлақ ағып?
Арып келіп, тойынып қайтқан болар,
Топ тырналар аспанға сына қағып?
Мұқағали Мақатаев