Тыңдаңдар, тірі адамдар!


«Әлия мен Мәншүк жыры

***
Мезгілдің тас тасқыны,
өлімнің қақпас түні
бізді мәңгі тастады тұншықтырып,
кете алмаймыз орыннан ыршып тұрып
бұдан…
— Қанша жыл еді?
— Көп-көп жыл бұрынғыдай…
Ойлап па едік өтерін ғұмыр бұлай
жеті қат жер түбінде.
Бір ғажап елтіп үнге
өмір-бақтың қақпасын жаңа ашқанда,
таңдай қағып Күн, шуақ, ағаштарға,
гүлдерге, сандуғашқа…
балауса балғын жаста
бәрі — сұлу, бәрі — таң, бәрі — ғажап!
Майдан. Атыс. Қантөгіс. Жалын. Азап.
Керзі етік пен сұр шинель мәлеңдеген
көтерген әрең денең,
сәби — найза ұшында, досың жанып… —
мұның бәрі басталды сосын барып,
басында басқаша еді.
өмір, уақыт доп қылып қақса сені,
мүжіледі тәкаббар тағы басың,
не бірден-ақ бомбы боп жарыласың —
амал жоқ басқа бұдан.
Бос әуре — тастағы ұран
келісімдер татулық, достық жайлы —
мұның бәрі сенімді босқа ұрлайды,
оны бізге тарих дәлелдеген,
осынау әлемде кең
сенгіштердің қаларын аузын ашып —
талайды алғаш жау оғы қалды басып…
Сенбеу-ақ керек еді
жылан-жауға бойлаған керегені —
доссынып, төсін қағып,
сендіріп, сосын барып
бір басының қанқұйлы құлқыны үшін,
сұлулықты, пәктікті құрту үшін
тірі айырып сәбиді анасынан.
Жоқ ондайға кешірім! Жазасы — қан!
Біз… біз тегі көп сөйлеп барамыз ба?
Әлі — майдан, әлі — кек санамызда,
қатал біздің сөзіміз, сынымыз да.
ұрпақ қалай қарайды мұнымызға?
Заман ғой басқа бүгін,
бәрі: киім, би мен ән, жастар, ұғым…
Бірақ бізге бәрі бір — жоқпыз мәңгі,
біздер үшін шуақ та, шоқ та ызғарлы.
Сіздер ұғасыздар ма жоқ қыздарды –
Жоқпыз мәңгі.
Жоқпыз мәңгі.
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *